«Асқазанынан хат табылған» тұтқын өлімі. Вице-министр жауап берді

Іс қозғалған, бірақ ешкімге айып тағылмаған


23/02/2023
17:35 21312 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев бір апта бұрын Заречный кентіндегі 155/8 мекемесінде "суицидтен" қаза болған тұтқынның өліміне байланысты іс туралы айтты.

 

– Сараптама кезінде хат табылғаны рас. Ол туралы іс тіркеліп, қазір тергеу жүріп жатыр– деді Қожаев. 

 

Вице-министрдің сөзінше, «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ әзірге ешкімге айып тағылмаған. 

 

– Қазір қандай да бір адамға айып тағылды деп айта алмаймын. Дәлелдер жиналған жоқ. Тергеу органдары жинақтаған дәлелдерге сай айып тағылатын шығар. Егер кінәлі адамдар анықталса,– деді ол

 

 

18 ақпанда «Халық үні» («Голос народа») сайты марқұмның асқазанынан «тұтқынның өліміне кінәлі»адамдардың аты-жөні көрсетілген хат табылды деп жазған.

 

«Халық үні» сайтының жазуынша, 15 ақпанда Алматы облысы Заречный кентіндегі 155/8 мекемесінде 1998 жылы туған Әркен Қарасай есімді сотталушы "суицид жасаған". Ол өзіне қол жұмсамай тұрып бауырына хат жазып, онда осы мекеменің «өзін суицид жасауға итермелеген» төрт қызметкерінің аты-жөнін атаған. Хатта Әркен Қарасай өзі жазасын өтеп отырған мекемедегі «жемқорлық» туралы айтып, «түрме қызметкерлері жас жігіттерді мекемеге жұмыс істеуге мәжбүрлейді, келіспесе, ұрып-соғады, балағаттайды» деп жазған.

 

Марқұмның бауыры Жәкен Қасенов «Халық үні» сайтына бауыры 14 ақпанда телефонмен сөйлескенін, «өлім алдында жазған хаты» туралы ақпарат ертесінде таң ата түскенін айтқан.

 

Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 15 ақпанда таңғы 6:00 шамасында мекеме қызметкерлері тұтқын Әркен Қарасайдың денесін тапқанын, дәрігерлер оның «тұншығып өлгенін» анықтағанын мәлімдеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/02/2023 17:35
21312 0

Уведомление